23-лекция
Тақырыбы: Материалдық база және
оның маңызы. Сабақ көрнекілігі.
Мақсаты: Материалдық базаның жіктелуі мен маңызын
және сабақ көрнекілігін қалай дайындау талаптары мен технологиясын меңгереді..
Жоспары:
1.Материалдық
базаның жіктелуі мен маңызы
2.Сабақ көрнекілігін
қалай дайындау талаптары мен
технологиясы.
1.Материалдық базаның жіктелуі мен
маңызы
Дүниетануды оқыту процесін жоғары деңгейде
жүргізу үшін материалдық база маңыздылығы
жоғары. Жаратылыстану негіздері бойынша материалдық база 3 негізгі
топқа бөлінеді.
-класта сабақ өту үшін қажетті
құрал-жабдықтар;
-тірі табиғат бұрышы;
-мектеп маңындағы тәжірибе алаңы,
географиялық алаң.
І Бірінші топқа:
1.Оқу жабдықтары. Класта нәтижелі, сапалы сабақ
жүргізу үшін көрнекі құралдар қажет.
Көрнекі құралдарды үш топқа топтастыруға
болады.
1.Табиғи тірі және өлі табиғат обьектілері
2.Иллюстративті (суреттер, кестелер,моделдер т.б.)
3. Қосымша көмекші құралдар (лабораториялық
жабдықтар, приборлар)
1.Табиғи
көрнекіліктер
Дүниетанудан сабақ беруде табиғи көрнекі
құралдың маңыздылығы өте жоғары.
Оларды төмендегідей типтерге жіктеуге болады:
1. Табиғаттың өлі обьектілері;
2. Тірі өсімдіктер мен жануарлар;
3. Гербарийлер;
4. Жануарлар және олардың мүшелерінің
коллекциялары;
5. Консервленген және фиксацияланған обьектілер;
6. Жануарлар тұлыптары.
2.Иллюстративті
көрнекіліктер
Бұл көрнекіліктер түрін екі негізгі топқа
топтастыруға болады: көлемді және жазықты. Бірінші
түріне -модельдер және
муляждар, екінші түріне –түрлі көлемді суреттер,
кестелер, схемалар, көркем суреттер карталар. Бұл
көрнекіліктерді қолдану танысқалы отырған заттың
өзін тікелей көру мүмкін болмаған жағдайда,
олардың бейнесін көрсету түрінде пайдаланылады.
3. Қосымша
көмекші құралдар
Бұл топқа зертханалық құрал-жабдықтар.
Приборлар және құрал-саймандар.
1.Химиялық стакандар, колбалар, пробиркалар, түтіктер, шыны
таяқша лар, кристализатор.
2. Резинкалы түтікшелер, қақпақшалар.
3. Пробиркаға арналған штатив, металл штатив, металл тор,
пробирка ұстағыш.
4.Қыздырғыш приборлар: спиртшамы, электрліжылытқыш.
5.Өлшегіш приборлар: термометр, таразы, сызғыш, компас, гномон,
транспортер.
6.Оптикалық приборлар: микроскоп, лупа.
7.Электр приборлар: Күн жүйесі моделі, теллур.
4.Техникалық оқу
құралдары
Әдістердің бұл тобына
оқытудың әр түрлі техникалық
құралдарын пайдалану (магнитофондағы жазбалар,
құстардың дауысы), радиохабарлар, экрандық - дыбыс
құралдары, телехабарлар, компъютерлік бағдарламалар жатады.
Қазіргі жағдайда компъютер
сияқты техникалық құралдарды пайдалануға басты
назар аударылуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық
мәтінінен игерген көптеген мәліметтерді сапалы игеруге
мүмкіндік береді. Себебі, табиғи құбылыстарды
толық және нақты қабылдау үшін олардың тура
табиғи бейнесін көрсете алу керек. Ол үшін диафильмдер
және диапозитивтер, кинофильм және кинофрагменттер,
кодоскопқа арналған транспаранттар, видеофильмдер, кинокартиналар
даярланады. Бұларды көрсету үшін техникалық
жабдықтар кажет; слайдпроектор, кодоскоп, видеомагнитофон, теледидар,
киноаппарат. Бұл құралдар арқылы тіршілік,
табиғат құбылыстары туралы табиғи түрде
нақты көріністер көрсетіле алады. Сабақ арасында
мазмұнына сәйкес кірістірілген ертегі не болмаса әңгіме
техникалық құралдар арқылы жалғасып жатса өте
ұтымды болады. Кез келген табиғат көрінісін, зат бейнесін,
түрлі құбылысты бейнелеуге, суреттеуге тақта, түрлі түсті бор
көмегі де артық етпейді. Табиғаттың тірі
денелерінің және құбылыстардың дыбысын
таспадағы үндері арқылы естіргеннің нәтижесі
әрине жоғары. Сондықтан қазіргі сабақ
үрдісіндегі талап: техникалық құралдармен сабақ
өтуді жетілдіру. Интерактивті тақтамен жұмыс істеу
бүгінгі күн талабы.
2.Сабақ көрнекілігін қалай
дайындау талаптары мен технологиясы.
Бала таным арқылы білмеуден білуге
көшеді, сол затты немесе құбылысты танығаннан кейін
таныс еместерін білуге ұмтылады, ізденеді. Таным арқылы заттар мен
құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары
мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау
нәтижесінде ұғым туады. Осылайша таным нақты
дүниеге, қоршаған ортадағы бар заттарға
негізделсе ғана белгілі мазмұнға ие болады.
Алдымен интеллектуалдық, эмоционалдық,
іскерлік жағынан баланы айналадағы дүниемен
«табиғатпен, басқа адамдармен, өз-өзімен, т.б.»
өзара белсенді әрекеттестік қарым-қатынасқа
даярлау мектепке дейінгі мекемедегі тәрбиешінің негізгі міндеті.
Баланың таным деңгейін жоғарлату үшін айнала
қоршаған дүниенің бар затын не болмаса кез келген
табиғи құбылыс бейнесін көрсете отырып меңгерту
үлкен жетістікке жетелейтіні сөзсіз. Ол үшін ең алдымен
болашақ маман айнала қоршаған дүниені таныстыруды
дәлелді дидактикалық материалдармен түсіндірудің
әдістемесі мен қолдан даярлау техникасын меңгеруі шарт.
Сондықтан бұл пән мектеп жасына дейінгі бала
тәрбиешісінің жетік маман болуы үшін маңызды болып
саналады.
Оқыту жүйесінде негізгі деп саналатын
принцип - көрнекілік принципі. «Егер балаларға нақты шынайы
білім беруге ниеттенсек, онда біз барлығын жеке бақылауымыз бен
сезім көрнекілігі арқылы оқытуға ұмтылуымыз
керек»,-деген А.Я.Коменскийдің пікірі дәлелдейді. Сондай-ақ,
К.Д.Ушинский «....қандай да бір жағдайды қабылдауға
сезім мүшелері қанша көп қатысса, ол біздің
есімізде сонша берік сақталады»-деген.
Оқытудың көрнекі және техникалық
құралдарын қолдану материалды тиімді игеруге жағдай
жасайды. Сонымен қоса оқушылардың танымдық қызметінің
белсенділігін арттырады, өмірмен байланыстыру қабілеттерін
дамытады, байқағыштыққа тәрбиелейді,
оқуға деген қызығушылығын арттырады және
білім санада ұзақ сақталып, игеріледі. Дүниетану сабақтарында
табиғи көрнекіліктерді пайдалану ежелден үлкен орын алып
келген. Атақты педагогтар мен әдіскерлер өздерінің еңбектерінде
көрнекі құралдарды пайдаланып, оның ішінде табиғи
түрлерін пайдаланып сабақ өтудің тиімді екенін
дәлелдеген.
Табиғат элементтерімен
танысу сабақтарында мысалы өсімдіктердің табиғи
жағдайдағы көрсетілімдері маңызды роль атқарады.
Айталық өсімдіктердің түрін, түсін, пішінін,
иісін дұрыс сезініп, ол жайында толық мағлұматтар ала
алады, оларды басқа түрлермен салыстырып ажырата алу
мүмкіндіктері кеңейеді.
Дүниетану сабақтарында
табиғи көрнекі құралдар басқа көрнекі
құралдардан басым түсуі шарт. Табиғи көрнекілік
балаларға тірі обьект жайында нақты шындыққа
үйлесімді ұғым береді. Жаңа материалды өткенде
табиғаттың бұл құбылысы немесе заты туралы не
білетінін міндетті түрде анықтауы керек. Бұл кезде өзі
болмаған жағдайда ол
заттың немесе құбылыстың суретін көрсеткен
жөн. Кіші мектеп жасындағылар көпшілік жағдайда
құбылыстың тек сыртқы
не мәнсіз белгілерін байқайды. Баланың жаңа
затты немесе құбылысты көруге, оны бақылауға туа
біткен талпынысы қабылдаудың бастапқы негізін
құрайды. Оқушыларда обьекті немесе табиғат
құбылыстарының сыртқы түрі туралы
алғашқы түсінік туады. Түсінік бала санасында
көрнекі бейнелер түрінде және олар нақтылы сипатта
болады, бірақ бұл түсінік қарапайым, жалпылама
түрінде қалыптасады. Түсінікті тереңдету және
кеңейту үшін балаларға алдына сол заттың немесе
құбылыстың негізгі қасиеттерін анықтайтын
нақты сұрақтар қоя отырып суретке не болмаса бейнесіне
назар аударуын талап етеді.
Бақылау
сұрақтары:
1.Материалдық базаға не жатады?
2.Материалдық базаның классификациясы.
3. Оның дүниетану сабағындағы ролі қандай?
4. Бейнелі көрнекіліктер түрлері қалай жіктеледі?
5. Табиғи көрнекілікке не жатады?
6. Тірі және өлі табиғи көрнекілік түрлерін
ата.
7. Оқу экраны дегеніміз не?
8. Техникалық құралдардың түрлері қалай
жіктеледі?
Қажетті әдебиеттер:
1. Аймағамбетова Қ.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы:
Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.
2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу
құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.
3.Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға
арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра,
1999.-107б.
4. Сабыров Т.
Болашақ мұғалімдердің дидактикалық
дайындығын жетілдіру. –Алматы: Кітап,
1999.-96б
24-лекция
Тақырыбы: Оқушылардың білімін пайдалана отырып,
тірі табиғат мүйісінде, мектеп жанындағы учаскеде, мектеп
бөлмесіндегі тапсырмалар, тәжірибелер, бақылаулар
жүргізу, оларды жинақтау, қорытындылау
Мақсаты: Оқушылардың білімін пайдалана отырып,
тірі табиғат мүйісінде, мектеп жанындағы учаскеде, мектеп
бөлмесіндегі тапсырмалар, тәжірибелер, бақылаулар
жүргізу, оларды жинақтау, қорытындылау әдістемесін
үйрету.
Жоспары
1.Оқушылардың
білімін пайдалана отырып, тірі табиғат мүйісінде, мектеп
жанындағы учаскеде, мектеп бөлмесіндегі тапсырмалар орындау
2.
Тәжірибелер, бақылаулар жүргізу
1.Оқушылардың білімін пайдалана
отырып, тірі табиғат мүйісінде, мектеп жанындағы учаскеде,
мектеп бөлмесіндегі тапсырмалар орындау
Тірі табиғат мүйісін ұйымдастыру
үлкен материалдық тұрғыда қаражатқа
байланысты. Жетіспеген жағдайда класс кабинетінде бөлме
өсімдіктерінің түрлерін көбейту, аквариум, шағын
террариум, құстар мен сүтқоректілердің
ыңғайлы түрлерін ұстауға болады.
Класс кабинетінде аквариум, шағын террариум
орналастыруға болады. Аквариумде тұрғылықты және
аквариум балықтарының өкілдерін, су өсімдіктерінің
түрлерін, моллюскалар ұстауға мүмкіндік бар. Шыны
арқылы су ішіндегі тіршілік әлемімен танысу барысында кез келген
ортада табиғат элементтері бір-бірімен тығыз байланысты екенін
біледі. Балықтардың, былқылдақденелілердің
қозғалысымен танысады. Террариумде қосмекенділер
түрлерін, бауырымен жорғалаушылардың
мінез-құлықтарын, қоректену, бейімделу ерекшеліктерін
танып біледі, жыл мезгіліне орай өзгерістерін бақылайды.
Аквариумдегі суды уақтылы ауыстырып тұру, балықтарды
қоректендіру, қоректердің түрлерін таңдай білу,
судың температурасын бақылау, өсімдіктердің,
балықтардың жағдайын бақылап тұру сияқты
жұмыстарды орындай отырып сауаттанады. Ауруға
шалдыққанын дер кезінде байқап, емдік тәсілдерді
қолдану сияқты жұмыстарды меңгереді. Аквариумде валлиснерия,
бақа оты, су мүгі, қауырсын жапырақ, бұйра
шылаң, мүйіз жапырақ, балық от, элодея сияқты су
өсімдіктерінің түрлерімен, оларды өсіруді
үйренеді. Балықтар түрі голец, табан балық,
тұқы балық, қара балық, ақ қайран,
уклейке және аквариум балықтарынан тіршілік жағдайын
көп талғамайтындары барбустар, гуппалар, семсершілер, алтын
балықтың түрлі тұқымдары-кометалар, шілте
құйрықтар, телескоптар т.б.
Оқушылар аквариумды күткенде суды
уақтылы ауыстырып, ол үшін су құбырының
тұнған суын немесе жаңбыр суын пайдалануы; өсімдіктерді
жиі-жиі сиретіп балыққа орынды көбірек қалдыруы;
аквариумнен жемнің қалдығын және
балықтардың зәрін тазартып отыруы; балықтарға
белгілі уақытта дәл белгіленген мөлшерде жем беруі;
судың температурасының күрт өзгеруіне жол бермей, оны
қадағалап отыруы; өсімдіктердің күйін және
балықтардың мінез-құлқын бақылап отыру
керек (зауқының жоқтығы, селсоқтық, су
бетінен ауаны қалтырап жұтуы аквариумдегі жағдайдың
жағымсыз немесе балықтың ауру екенін көрсетеді т.с.с.).
Аквариумдегі балықтар тіршілігін: шабақтардың бірте-бірте
дамуын, температура мен коректенудің балықтардың өсуі
мен дамуына әсерін, коректенуге байланысты шартты рефлекстің тууын
(аквариумді ыдыспен тықылдату, шам жағу) және
балықтардың ауа райын болжауын т.б. бақылауды
ұйымдастаруға үлкен мүмкіндік береді.
Мұғалім оқушыларға
табиғаттан немесе күнделікті тұрмыстан кез-келген бір
құбылысты бақылауды тапсырады. Сонан соң бала
бақылаған объектісі не құбылысы жайлы әңгіме
түзеді. Мұнда бала бақылаған дүниелері жайлы
ойланады және оның себеп-салдарын түсінуге, түсіндіруге
тырысады. Бұл баланы түрлі ұғымдарды
ұғынуға, логикалық талдай білуге машықтандырады.
Бақылау негізінде түсіндіріп оқыту оқушылардың
білімін кеңейтеді және тұрмыстық тәжірибе
қалыптасады.
Экскурсия кезіндегі тапсырмалар. Мұндай сабақ экскурсиядан
алынған материал әңгіме мазмұнын түсінуге
болатындай жағдай- да, кейде оқу жылының басында
өткізілген экскурсия аралығында өткізіледі, ал әңгіменің
өзі оқу жылының ортасында бірнеше ай бойы жүргізіледі.
Бұл жағдайда экскурсиядан алған білімдерін, бақылау
қорытындысын жазып алу немесе сурет түрінде
қағазға сызумен тиянақтайды. Оқыту
сабағында балалар экскурсияда көргендерін еске түсіреді.
Содан кейін балалар әңгімені дауыстап оқып шығады,
таныс емес сөздерді талдайды, екінші рет іштерінен оқып
шығып, мұғалімнің тақтаға жазған
тапсырмаларын орын-дайды. Оқушылар әңгіменің
мазмұны және экскурсиядан көрген-дері бойынша қорытынды
жасайды.
2. Тәжірибелер, бақылаулар
жүргізу
1-кластан бастап балалар мұғалім көрсеткен
тәжірибелерден әр түрлі табиғи
құбылыстарды, мысалы: қардың еруі, мұздың
қатты күйден сұйыққа айналуы, судың
булануы, топырақтың суды өткізгіштігі т.б. бақылайды.
Жасалған немесе бақылаған тәжірибелерден кейін
оқушылар соған сәйкес әңгімелерді оқиды да
тиянақты қорытынды жасайды.
Пысықтау кезеңдерінде өтілген
материалдарды жинақтап, бекітумен бірге, оқушылардың тікелей
бақылауларының; тәжірибе жүргізген кезде алған
нәтижелерін; осы тақырып төңірегінде оқыған
кітаптарынан алынған мәліметтерді кеңінен пайдалануды талап
ету керек.
Табиғатты танып білу, зерделеудің
бірден-бір негізгі әдісі – бақылау. Бақылау дегеніміз
оқушылардың түсінік пен ұғымдарды, іскерлік пен
дағдыны дұрыс қалыптастыру мақсатында тірі және
өлі табиғат обьектілерін тікелей қабылдауы деп
ұғынуымыз керек. Бақылау біріншіден, қоршаған
болмыстан нақтылы және бейнелі түсініктер мен
ұғымдар қалыптастыруға соның негізінде
төменгі класс оқушыларының логикалық ойлау
әрекетін, ауызша және жазбаша сөзін дамытуға
мүмкіндік береді. Екіншіден материалистік дүниетанымның
қалыптасуына себепкер болып, табиғи
құбылыс-тардың үздіксіз өзгеруі мен дамуына,
табиғатта болып жатқан құбылыстардың өзара
байланысы мен заңдылығына, дүниенің материалдығына
және табиғаттың біртұтастығына балалардың
көзін жеткізеді. Оқу тұрғысындағы
бақылаудың мақсаты қандай да бір фактілерді
жинақтау, бақылау обьектісін зерттеу немесе
заңдылықтарды ашу болып табылады. Осы мақсатқа
қол жеткізу үшін алдын-ала бақылауға дайындалу
жұмысын жүргізу қажет. Ол негізінен төмендегідей:
1. Оқушыларды бақылау обьектісімен және
оның мақсат- тарымен таныстыру;
2. Жұмыс дәптеріне бақылау
жоспарын жазу;
3. Бақылау барысымен және оның
ұсынылған тәсілімен, фактілерді белгілеу ережелерімен
таныстыру;
4. Сипаттау, бейнелері мен қорытындыларды
беру.
Бақылаудың түрлері: Ауа райын бақылау,
өсімдіктерді бақылау, тұқымның өнуін,
жетілуін бақылау, жыл мезгілі өзгерістерін бақылау, адам
еңбегін бақылау, жан-жануарлардың
мінез-құлықтарын бақылау т.б. Бақылау барысында
түрлі құралдар мен аспаптарда жұмыс істеу
машықтары меңгеріледі. Бастауыш мектепте, яғни балалар
әлі приборлармен жұмыс істеу тәсілдерін біле бермейтін кезде
мұны меңгеруді кезең-кезеңмен жүзеге асыру
қажет. Алты кезеңді бөліп
көрсетуге болады.
1. Приборлардың модельдерімен жаттығу;
2. Приборлармен жаттығу;
3. Шартты метеорологиялық белгілерді тану
жаттығулары;
4. Ауа райын бақылау ережелерімен танысу,
өз бетінше орындау және бақыланған
құбылыстарды күнтізбеге жазу;
5. Бақылау
нәтижелерін қорытындылау
Бақылау сұрақтары:
1.Тірі табиғат бұрышында орындалатын тапсырмалар және
олардың бала таныман әсері қандай?
2. Тәжірибе алаңында орындалатын тапсырмалар және
олардың бала білімінің қалыптасып, дамуындағы алатын
орын қандай?
3.Тәжірибелер жүргізу және оның маңызы?
4. Арнайы тапсырмалар түрлерін ата?
5. Бақылау түрлері және ондағы орындалатын
тапсырмалар жүесі қалай
іріктеледі?
Қажетті
әдебиеттер:
1. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу
құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.
2. Бинас А.В., Шам Р.Д. Биологический эксперимент в школе. -М.:
Просвещение, 1999.-52с.
3. Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға
арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра,
1999.-107б.
4. Минеева В.М.
Внекласная работа по природоведению в начальных классах.-Минск: Нар.Асвета,
1980.-142с